Бішкек қаласына ғылыми іссапар

2025 жылдың 11-17 қазан аралығында жобаның ғылыми жетекшісі, философия докторы (PhD) Асан Амангельдиев, жұмыс тобының құрамынан жетекші ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Сымбат Шакиров және жетекші ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Абзал Өмірбай Бішкек қаласына (Қырғыз Ресупбликасы) ғылыми іссапарға барды.

Ғылыми іссапар Бішкек қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің шақыруы бойынша жүзеге асырылды.
Іссапар барысында Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Инвестициялар жөніндегі проректоры, профессор Гульбара Бектургановна Сыдыкованың қабылдауында болдық. Кездесу барысында Гульбара Бектургановна Қырғызстандағы конфликтология ғылымының даму бағыттарына тоқтала отырып, әлеуметтік конфликттердің күшеюі жағдайында диалог мәдениетінің өзектілігі мен конфликттерді бейбіт жолмен шешудің тиімді тетіктері туралы пікір білдірді. Өзінің жетекшілігімен жазылған (со-авторлары доцент Ш.А.Эшанкулова мен профессор С.З. Садыкова) «Конфликт: журналисттик ишмердүүлүктө (Конфликт: журналистік жұмыста)» оқу құралы және оқу-әдістемелік құралын табыс етті. 

Ғылыми іс-сапар барысында Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің зерттеуші-ғалымдармен тәжірибе алмасып, әлеуметтік конфликттерді реттеу саласындағы сарапшылармен дискуссиялар өткізілді. Атап айтқанда, Әлеуметтік-ғылымдар институтының басшылығымен, Философия кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамымен және Академиялық мобильділік, білім экспорттау және желілік магистратура бөлімінің меңгерушісі Шерматова Саадат Нурлановнамен кездесдік. 

Философия кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.к., доцент Качкынова Аида Турдубековна «Ааламдашу шартындагы соцаилдык конфликттердин философиясы (Жаһандану жағдайындағы әлеуметтік конфликттер философиясы)» монографиясын тарту етті. Аида Турдубековна монографиясында жаһандану жағдайындағы әлеуметтік конфликттердің табиғаты мен мәні философиялық тұрғыдан талдайды. Зерттеуінде әлеуметтік конфликттердің себептері, олардың мәдени және өркениеттік факторлармен байланысы қарастырады. Сондай-ақ, автор әлеуметтік тұрақтылық пен келісімге қол жеткізудің теориялық және практикалық жолдарын ұсынады.
Аталған ғылыми іссапар барысында Қырғыз Республикасы «Республикалық медиаторлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрайымы Каримбекова Анара Камытовна және аталған бірлестіктің басқарма мүшесі, медиатор Кадыралиева Айпери Мамасыдыковнамен кездесу өткізілді. Кездесу кезінде медиация саласындағы өзекті мәселелер, атап айтқанда этноконфессиялық келісім және этносаралық пен әлеуметтік конфликттерді реттеу тәжірибелері талқыланды. Ерекше назар екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін айқындау және көпұлтты қоғам жағдайында медиация институтын қолдану мәселелеріне аударылды.

Іс-сапар барысында Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Философия институтының директоры, филос.ғ.д., профессор Саралаев Нур Керимкулович және институттың ғылыми қызметкері, филос.ғ.д., профессор Замир Аликуловпен кездесу өткізілді. Кездесу барысында конфликтология мен әлеуметтік философияның тоғысындағы мәселелер талданып, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етудегі философиялық тәсілдердің маңызы атап өтілді.
Іс-сапар барысында Бішкек қаласында орналасқан Алыкул Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасындағы ғылыми әдебиеттермен танысып, зерттеу тақырыбы аясында ақпараттар жинақталды.

Ps. Ғылыми іссапар AP26197871 – «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселесі: жағдайы және даму стратегиясы» жобасы аясында жүзеге асырылды.