Ташкент қаласында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды

2025 жылғы 25 қарашада ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Ташкент қаласындағы Орталық Азия Халықаралық институтының (Өзбекстан) базасында «Орталық Азия бестігі елдерінде конфликтологияны институцияландыру: қазіргі заманғы сын-қатерлер және даму перспективалары» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Орталық Азия Халықаралық институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында өткізілді.

Дөңгелек үстелді модератор ретінде Орталық Азия Халықаралық институты директорының орынбасары, философия ғылымдарының докторы Бахром Бабаев жүргізді. Ол конфликтологияны институцияландыру мәселелерін талқылауды үйлестіріп, сарапшылардың пікір алмасуына ықпал етіп, аймақтық өзара іс-қимыл мәселелерін жүйелі түрде қарастыруды қамтамасыз етті.
Дөңгелек үстел барысында келесі баяндамалар жасалды: жетекші ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Сымбат Шакиров – «Қазақстандағы конфликтологияның ғылым ретінде институциялануы», ғылыми қызметкер, PhD докторант Шерзод Пулатов – «Қазақстандағы этномедиация және этноконфликтология институтын дамыту перспективалары»; аға ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Нуркен Айтымбетов – «Виртуалды қауымдастықтар дәуіріндегі Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік конфликттердің жаңа модельдері», сондай-ақ жобаның ғылыми жетекшісі, философия докторы (PhD) Асан Амангельдиев – «Аймақтық конфликтология модельдері және олардың Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі».

Баяндамашылар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ұсынып, теориялық тәсілдерді негіздеп және конфликтологияның институционалдық базасын дамытуға, медиативтік механизмдердің тиімділігін арттыруға және аймақтық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған практикалық ұсыныстар жасады.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында Орталық Азия Халықаралық институтының департамент басшылары Кахрамон Аллаберганов және Азамат Тошев өз баяндамаларын жасады. Олардың баяндамалары Өзбекстандағы конфликтология саласының қазіргі жағдайы мен даму мәселелеріне, жоғары оқу орындарында осы пәнді курс ретінде оқытудың мәселелеріне, сондай-ақ осы саладағы ғылыми зерттеулер нәтижелеріне арналды. Бұл баяндамалар конфликтологияның институционалдық механизмдерін тереңірек талқылауға және оны аймақтық білім беру және зерттеу үрдістеріне интеграциялау перспективаларын қарастыруға мүмкіндік берді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысында қатысушылар жалпы фотосуретке түсіп, ғылыми әдебиеттер мен зерттеу материалдарын алмасты. Қатысушылар талқылау қорытындысы ретінде конфликтологияны институцияландырудың аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы, мәдениаралық диалогты дамытудағы, сондай-ақ медиативтік тәжірибелер мен конфликтілерді шешу саласындағы білім беру бағдарламаларын жетілдірудегі маңызды рөлін атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми және білім беру мекемелері арасындағы әрі қарайғы ынтымақтастық бағыттары анықталып, конфликтология саласында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты қадамдар талқыланды.


P.S. Дөңгелек үстел AP26197871 – «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселесі: жағдайы және даму стратегиясы» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.