2025 жылғы 22-27 қараша аралығында жобаның ғылыми жетекшісі, философия докторы (PhD) Асан Амангельдиев және жұмыс тобының мүшелері – жетекші ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Сымбат Шакиров, аға ғылыми қызметкер, философия докторы (PhD) Нуркен Айтымбетов және ғылыми қызметкер, PhD-докторант Шерзод Пулатов Ташкент қаласына (Өзбекстан) ғылыми іссапарға барды.
Ғылыми іссапар аясында Өзбекстан Республикасындағы ШЫҰ халықтық дипломатия орталығы, Өзбекстан Республикасының этносаралық қатынастар және шетелдегі отандастар жөніндегі комитеті, «Ватандошлар» қоры, Өзбекстан дауларды шешу орталығының (Ташкент медиация орталығы) басшылығы мен сарапшыларымен, сондай-ақ Орталық Азия халықаралық институтының (The International Institute for Central Asia) өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулер өткізілді.
Жұмыс тобының мүшелері Өзбекстан Республикасындағы ШЫҰ халықтық дипломатия орталығының директоры Кабулжон Сабировтың қабылдауында болып, халық дипломатиясын дамыту бағыттары, аймақтық өзара іс-қимылды нығайту механизмдері және қоғамдық коммуникация мен мәдениаралық диалогты дамыту перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық медиация сарапшысы, Өзбекстан дауларды шешу орталығының (Ташкент медиация орталығы) директоры Диёрбек Кимсановпен кездесу өтті. Кездесу барысында медиативтік институтты дамыту қазіргі тәсілдері мен медиативтік тәжірибелерді мемлекетаралық және қоғамдық коммуникацияда қолдану әлеуеті қаралды.
Ғылыми іссапар барысында Г.В. Плеханова атындағы Ресей экономикалық университеті филиалының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Равшан Назаровпен кездесуі өткізілді. Кездесу аясында ғылыми ынтымақтастық перспективалары мен аймақтық әлеуметтік-философиялық процестерді зерттеу бағыттары талқыланды.
Ғылыми топ мүшелері жоба аясында Өзбекстандағы Орталық Азия халықаралық институтымен бірлесіп ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Дөңгелек үстелде аймақтық ынтымақтастық және Орталық Азия елдерінде конфликтология механизмдерін институционаландыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, ғылыми топ мүшелері Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында ғылыми әдебиеттермен танысып, зерттеу тақырыбы аясында ақпараттар жинақталды.
Ps. Ғылыми іссапар AP26197871 – «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселесі: жағдайы және даму стратегиясы» жобасы аясында жүзеге асырылды.
