23 қазан 2026 165
Ғылыми жоба аясында жұмыс тобы мүшелері әзірлеген «Орталық Азия елдеріндегі конфликтологияны институционалдандыру: қазіргі жағдайы және даму стратегиялары» атты біліктілікті арттыру курсының білім беру бағдарламасы авторлық құқық объектісі ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. 2026 жылғы 22 қазанда берілген №80081 куәлік бағдарламаны әзірлеушілердің зияткерлік меншік құқығын ресми түрде растайды. Білім беру бағдарламасы AP26197871 – «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселесі: жағдайы және даму стратегиясы» ғылыми жобасы (2025–2027 жж.) аясында әзірленді. Бағдарлама авторлары – жобаның ғылыми жетекшісі, PhD Асан Амангельдиев, жоба орындаушылары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі, PhD Сымбат Шакиров, философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Абзал Өмірбай, докторанттар Шерзод Пулатов және Қанат Исабек. Білім беру бағдарламасы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлеріне, магистранттар мен докторанттарға арналған. Оның мазмұны Орталық Азиядағы әлеуметтік, саяси, этностық, діни және мәдени қайшылықтардың күрделенуіне байланысты конфликтологиялық құзыреттерді дамыту қажеттілігіне негізделген. Курс үш апта ішінде 72 академиялық сағат көлемінде өткізуге жоспарланған. Бағдарлама үш мазмұндық модульден тұрады. Бірінші модуль конфликтологияның теориялық негіздерін, ғылыми мектептерін, институционалдандыру әдіснамасын және конфликтілердің цифрлық трансформациясын қамтиды. Екінші модульде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы конфликтология институттары, медиация мен этномедиацияның өңірлік тәжірибелері, діни фактор, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы қарастырылады. Үшінші модуль әлеуметтік конфликтілерді талдау, алдын алу және реттеу технологияларына арналған. Бағдарлама ұлттық білім беру талаптары, Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы, дауларды баламалы шешудің халықаралық стандарттары және өзекті ғылыми еңбектер ескеріле отырып әзірленген. Оқыту барысында интерактивті дәрістер, зерттеушілік әңгіме, нақты жағдайларды талдау, практикалық тапсырмалар және сыни ойлауды дамыту әдістері қолданылады. Тыңдаушылар конфликтогендік факторларды бағалау, медиация мен бітімгершілік тәсілдерін пайдалану, конфликтілерді басқару тетіктерінің тиімділігін саралау дағдыларын меңгереді. Қорытынды бағалау Орталық Азия елдерінің біріне арналған «Конфликтологияны институционалдандырудың жол картасы» жобасын таныстыру түрінде жүзеге асырылады. Бағдарламаның тіркелуі конфликтологияны дербес ғылыми-білім беру және қолданбалы бағыт ретінде дамытуға, өңірлік тәжірибені жүйелеуге, қоғамдық келісім, бейбітшілік мәдениеті мен мәдениетаралық диалог құндылықтарын нығайтуға бағытталған зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызын көрсетеді.