Ғылыми жоба аясындағы Алматы іссапары: халықаралық симпозиум мен философиялық конгреске қатысу

2026 жылғы 5–10 қараша аралығында жобаның ғылыми жетекшісі, PhD Асан Амангельдиев және жұмыс тобының мүшелері, философия докторлары (PhD) Сымбат Шакиров пен Абзал Өмірбай Алматы қаласына ғылыми іссапармен барды.
2026 жылғы 6 қарашада жұмыс тобының мүшелері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырды.
Ауқымды ғылыми іс-шара қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін, қазіргі өркениеттік сын-қатерлерді және болашақтың құндылықтық бағдарларын қалыптастырудағы философиялық білімнің рөлін талқылау мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, философтарды, академиялық қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді.
Симпозиумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында ұлы ойшылдардың озық идеяларын терең зерделеудің, оларды өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың, сондай-ақ заманауи ғылым тұрғысынан пайымдаудың маңыздылығын атап өтті.
Симпозиум аясында пленарлық отырыстар өткізіліп, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар баяндама жасады. Баяндамаларда философияның өзекті мәселелері, әл-Фарабидің ғылыми мұрасы, жаһандық гуманитарлық диалог және жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілету мәселелері қарастырылды.

 

Симпозиум туралы: https://www.akorda.kz/kz/vice-prezident-al-farabi-murasyna-arnalgan-halykaralyk-simpoziumga-katysty-6101333

 

2026 жылғы 7 қарашада жұмыс тобының мүшелері А. Амангельдиев, С. Шакиров және А. Өмірбай Алматы қаласында ұйымдастырылған «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылықтық бағдарлар және даму перспективалары» атты IV Қазақстандық философиялық конгреске қатысты. Конгреске отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдардың, халықаралық және ұлттық философиялық қоғамдардың өкілдері, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы қатысты. Олардың қатарында Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдердің зерттеушілері болды.
Конгреске Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглова қатысып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып берді. Министр қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында философия ғылымының маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
IV Қазақстандық философиялық конгресс аясында «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылықтық бағдарлар және даму перспективалары» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Оған отандық және шетелдік жетекші философ ғалымдар қатысты. Пленарлық отырысты Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы жүргізді. Пленарлық отырыста қазақстандық философиялық мектептің дамуы, қазіргі философияның өзіндік ерекшелігі, түркі философиясының әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциясы, цифрлық теңсіздік, гуманитарлық білім және рухани мұра мәселелеріне арналған баяндамалар ұсынылды. Баяндамаларда қазіргі қоғамдағы өзгерістер, философияның даму бағыттары, ұлттық бірегейлік, мәдениет пен рухани құндылықтардың маңызына қатысты түрлі ғылыми көзқарастар айтылды.
Жұмыс тобының мүшелері А. Амангельдиев пен С. Шакиров конгресс аясындағы «Философиялық ойлау мәдениеті және оның білім беру жүйесіндегі орны» тақырыбындағы I сессияға қатысты. Сессия барысында философиялық ойлау мәдениетін қалыптастыру, философиялық білімнің білім беру жүйесіндегі рөлі және оның қазіргі білім беру үдерісіндегі маңызына қатысты мәселелер қарастырылды. Қатысушылар философиялық ойлаудың сыни пайымдауды және дүниетанымды қалыптастырудағы, сондай-ақ білім алушылардың зияткерлік әлеуетін дамытудағы маңызына назар аударды.
Жұмыс тобының мүшесі А. Өмірбай конгресс аясындағы «Түркі философиясы: тұжырымдамалық негіздері, тарихи мұрасы және қазіргі өзгерістер» тақырыбындағы II сессияға қатысты. Сессия барысында түркі философиясының қалыптасуы мен даму тарихы, оның дүниетанымдық негіздері, тарихи-мәдени мұрасы және қазіргі кезеңдегі жаңғыру үдерістері қарастырылды. Сонымен қатар түркі халықтарына ортақ философиялық құндылықтар мен идеялардың бүгінгі қоғамдағы орны, олардың сабақтастығы және қазіргі заман талаптарына сай дамуы жөнінде пікірлер айтылды.
Ғылыми конгресс барысында қатысушылар жаһандық геосаяси, технологиялық және әлеуметтік-мәдени өзгерістер жағдайындағы қоғам дамуының өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ұлттық бірегейлік, әлеуметтік әділеттілік, адам жауапкершілігі, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғамдық санаға ықпалына ерекше назар аударылды.
Іссапар барысында жұмыс тобының мүшелері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы ғылыми әдебиеттермен танысып, зерттеу тақырыбына қатысты ақпараттар жинақтады.
Халықаралық симпозиум мен IV Қазақстандық философиялық конгресс аясында жұмыс тобының мүшелері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, ҚР ҒжЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының зерттеуші ғалымдарымен және шетелдік мамандармен «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселелері жөнінде пікір алмасты. Кездесулер барысында конфликтологияның ғылыми және білім беру салаларында қалыптасуы, әлеуметтік конфликттерді зерттеу мен реттеудің институционалдық тетіктері, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі осы бағытты дамыту тәжірибелері талқыланып, алдағы ғылыми ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды.

 

Ps. Ғылыми іссапар «AP26197871 – «Орталық Азия бестігі» елдеріндегі конфликтологияны институцияландыру мәселесі: жағдайы және даму стратегиясы» (2025-2027 жж.) ғылыми жобасы аясында жүзеге асырылды.